Табиғаттың тосынсыйы

2020 жылы Қарасу ауылының Қарамырза және Сарыкөл ауданының Севастополь ауылында су тасыды. 2017 жылы да аталған ауылдар көктемгі су тасқынынан зардап шекті.

Биылғы көктем Қарамырза ауылын тағы да есеңгіретіп тастады. Боран түсіп, дауыл соқты, қар молынан еріді. Мұның салдарынан даладағы қар ауыл ішіне ақты. Жергілікті бөгет те қарғын суға кедергі бола алмады. Абырой болғанда, қайғылы жағдай орын алған жоқ.

Севастопольде айналма арна бар, бірақ ол да еріген судан құтқармайды. Аққан су ауылға өтіп кетеді.
Қостанай облысында, Қостанай қаласын қоса алғанда, барлық елді мекендердің бесіншісі су тасқынына ұшырайды. 2020 жылы Қарасу ауданында ауқымды проблемалар пайда болды. Қардың мол түсіміне байланысты мұнда жергілікті ауқымдағы ТЖ жарияланды, үлкен су тасқыны күтілді.
Жергілікті тұрғындар тасқыннан қалай қорғану керектігін біледі. Олар судың қайдан, қашан, қаншалықты келітінін дөп басып отырады. Наурыз айының соңында бірнеше үй сорғы құрылғыларын жинап алды, кейбірі үй іргесіндегі қардан арылды, енді бірі ауласын тазартып қойды. Міне, енді тасқын қаупі сейілді. Су арнасымен ағып кете береді.
Қарасу, облыстың басқа да қалалары мен ауылдары сияқты, бөгетпен қорғалады. 2017 жылы мұз ұстап тұрған суды ағызып жіберу үшін бұл бөгетті бұзуға тура келді. Кейбір мамандар аудандағы осы жағдайға дер уақытында шара қолданғанда бөгетті бұзбауға болатынын айтқан-ды. Бірақ мұндай сенімді мамандар бүгінде саусақпен санарлықтай. Бөгеттердің жай-күйі мен оның тұрақты жұмыс істеуіне жауап беретін арнайы қызмет өкілдері аудандарда мүлдем жоқ.
Қарасу өзенінің бұрылысы(иілісі) – 100 градустан артық. 2017 жылы мұнда мұз кептелісі пайда болып, су тасқыны жүрді. Қарасу ауданының Октябрь және Степное ауылдары сол жылы бөгеттердің су қысымына төтеп бере алмағыны салдарынан зардап шекті.


Мемлекеттік сатып алу сайтының талдауы Қарасу ауданының әкімдігі 2018 жылы Қарасу өзенінің арнасын өзгерту және Степное ауылында қорғаныс бөгетін салу бойынша "жобалау және инженерлік-іздестіру жұмыстарын жүргізу" конкурсын жариялауды жоспарлағанын көрсетті. Бірақ конкурстар өтпеген. Олардың іске асырылуы республика деңгейінде мақұлданғанын айта кетейік. 2017 жылы бірнеше министр бірлескен бұйрық шығарып, елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін бөгеттерді немесе айналма арналарды жөндеу және салу бойынша іс-шаралар тізімін бекітті.
"2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қатерінің алдын алу және жою бойынша шаралар кешені" Жол картасы - Құжатына 2017 жылғы 23 маусымда қол қойылды. Қостанай облысында 1,8 млрд теңгеге 49 түрлі іс-шара жоспарланған. 2018 жылғы наурыз айында жаңа бұйрыққа сай тізім жаңартылды, аймақ бойынша 40 іс-шара бекіді. Бүгінгі күні 800 млн теңгеге оның 30-ы іске асты.
Бір айта кетерлігі, 2017 жылдың соңында облыстың ТЖ департаменті осы тізімдегі 21 іс-шараның орындалғаны туралы мәлім етті. Атап айтқанда, су тасқыны салдарынан бұзылған немесе бүлінген нысандарды қалпына келтіру, яғни, топырақпен жабу және басқа да жөндеу жұмыстары.
Жаңа нысандардың құрылысы бойынша жоспарлар іс жүзінде орындалған жоқ. Бастапқыда "құрылыс" санатына енетін шаралардың тізімінде ондаған нысан болған еді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы 2018-2019 жылдары іске асырылған жобалардың ішінен тек Б. Майлин атындағы ауданның (бұрынғы Таран ауданы) Әйет ауылындағы айналма арна құрылысын атады.
Біз сондай-ақ Қостанай облысында "2017-2025 жылдарға арналған су тасқынын өткізу, ұйымдастыру және тарату жоспары" қабылданғанын анықтадық (толық ақпарат біздің "Деректер банкінде" бар). Құжатта жөндеуді қажет ететін 25 дамбы мен бөгеттің тізімі бар. Бірақ бұл тізімге облыстың 16 ауданының алтауы ғана енген: Алтынсарин, Амангелді, Жангелдин, Жітіқара, Қостанай және Наурызым. Көріп отырғандарыңыздай, мұнда су тасқынынан үнемі зардап шегетін Қарасу, Сарыкөл және басқа аудандар жоқ.

Жоспардың іске асырылуы кезінде өңірде 25 нысанның 3-і ғана жөнделді.
Жөндеуге дейін және одан кейін
Жітіқаралықтардың жолы болды. Екі су қоймасының қақпағы (Жоғарғы-Шортанды және Төменгі-Шортанды - суретте) апатты жағдайда болған. Қойма қақпағын жөндеуге арналған жоба әзірленсе де, оның іске асырылуына қаражат тек 2018 жылы ғана табылды.

Сол жылы Қостанай ауданы Воскресеновка ауылының жанындағы Шын-Сай бөгеті жөнделді. Негізі 360 тұрғынның тіршілігі осы бөгетке байланысты еді. 2017 жылы ол су тасқыны кезінде құлады.

Бұл Жітіқара және Қостанай аудандарында жөндеу бойынша жоспарға енген жалғыз жоба еді.

Тізімнің үшінші нысаны Жангелдин ауданының Телқара бөгеті болды, ол 2017 жылы жөнделді.

2019 жылы бюджет есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. 2020 жылы Амангелді ауданындағы Машдвор бөгетін және Алтынсарин ауданы Докучаев ауылындағы бөгетті жөндеу жоспарлануда. Тағы 20 дамбы мен бөгет жөндеусіз қалып отыр.
Бірнеше жыл ішінде Қостанай облысындағы гидротехникалық құрылыстардың (дамбы, бөгеттер, айналма және т.б.) саны 10% - ға қысқарды. 2016 жылдың 1 қыркүйегіне – 110, 2020 жылдың 1 наурызына 99 болды:

- 7 республикалық меншікте – бұл өңірдің ірі су қоймалары, олар туралы толығырақ "Судың да сұрауы бар" жобасында мәлімдеген едік.

- 81 нысан ауылдық және қалалық әкімдіктердің меншігінде. Соңғы 4 жылда тізімге Рудный қаласындағы Соколов жинақтауышы және Әйет (бұрынғы Таран) ауылында салынған бөгетті қоршауы қосылды.

- 11 бөгет жекенің иелігінде. 2016 жылы мұндай 23 бөгет тіркелген.
Нысандарды "мақсатсыз пайдаланғаны үшін" есептен шығарып тастайды. Онда не су, не адам жоқ. Үшінші фактор да бар: бөгеттен пайда аз, ол құтқармайды, ал жаңа құрылыс салуға немесе ескісін сақтап тұруға ақша жоқ.
Қостанайдағы жағдай басқа өңірлерден жақсырақ. Қалаға дала суы мен өзендерден, жер асты суларынан қауіп бар. 2020 жылы ТЖ болған жоқ, алайда қауіп басым еді. Атқарушы билік Қостанай-2 көшелерінде су сору жұмыстарын жүргізуге Дружба шағын ауданындағы айналмалы арнаға сорғылар қою туралы шешім қабылдады. Мұндағы су арнасы көктемде тереңдеп кетіп, мамандар судың қандай көлемін өткізе алатынын айта алмады. Су арнасы бірінші жыл жұмыс істеп тұрмаса да, сыртынан қарағанда қарапайым ғана жыраға ұқсайды. Қабырғалары бетон плиталарымен тек жартылай ғана бекітілген.
Жалпы қалалар мен аудандардың басшылығы жыл сайын су тасқыны жұмыстары және оның салдарын жоюға ақша бөледі. Ең көп қаражат облыстық бюджеттен қарастырылған. Бұл міндеттерді шешу үшін бірден үш бюджеттік бапқа сүйенеді:
- төтенше жағдайлардың алдын алу және жою,
- табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін жергілікті атқарушы органның төтенше қоры,
- жергілікті атқарушы органның шұғыл шығындарға арналған қоры.
ТЖ жоюға арналған қаражат
2015 жыл - 51,2 млн теңге
Аудандардың тең жартысы бұл мақсатта қаражат бөлген жоқ.
Олардың ішінде: Лисаков, Рудный, Алтынсарин, Денисов, Жітіқара, Қарабалық, Қамысты, Меңдіқара, Ұзынкөл және Федоров аудандары.
2016 жыл - 146,8 млн теңге
Рудный, Жітіқара, Жездіқара және Ұзынкөл аудандарында ақша бөлінбеген.
Бірқатар аудандар бойынша ТЖ жоюға қарастырылған қаражат сомасы 200 мың теңгеден аспады: Лисаков, Алтынсарин, Әулиекөл, Қарабалық аудандары.
2017 жыл - 246 млн теңге
Барлық аудан қаржы бөлді. Ең аз ақша – Меңдіқара ауданы - 200 теңге. Денисов - 58 000, Жітіқара - 144 000 теңге,
Алтынсарин - 222 000 теңге. Қалғандары – 500 000 теңгеден астам.
2018 жыл - 49,2 млн теңге
Қаражат Рудный, Алтынсарин, Әулиекөл, Денисов, Қостанай және Федоров аудандарында бөлінбеген.
2019 жыл - 107,9 млн теңге
Жітіқара, Қостанай және Федоров аудандарында қаражат бөлінген жоқ.
2020 жыл - 585,8 млн теңге
Барлық аудан қаржы бөлді. Ең азы Қарабалық және Алтынсарин аудандарында - 4 млн теңгеден.
Сонымен, қомақты ақша тасқын уақыты және алдын алу кезінде бөгеттер мен дамбалардағы жұмыстар үшін ғана бөлінеді. Жөндеу, қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына қаражат сирек қарастырылады. Бұл шаруаны жергілікті деңгейде қаржыландыру туралы бастама көтерілмейді.

Тек ірі су қоймаларды сақтау үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Оларды "Қазсушар" РМК қадағалайды.

Республика деңгейінде гидротехникалық құрылыстарды басқару бойынша жеке заң қажет деген мәселе көтерілді. Оның тұжырымдамасы 2017 жылы да талқылауға шығарылды. Алайда кейін жеке заң қабылдамай, барлық мәселе Су кодексі аясында шешілмек болды.

Бұл ретте өңірлерде су ресурстары комитеті деңгейінде арнайы пайдаланушы ұйым құру мемлекеттік аппараттың жоспарлы қысқаруына әсерін тигізбейді.

Жергілікті жерлердегі билік әлі де апат салдарымен күресуде. Жыл сайын бұл жұмыстар қиындап келеді: аудандарда техника қат, қажетті мамандар да жоқ.
Made on
Tilda